Салық төлеуден жалтарып жүргендердің кірісі тексеріледі

Салық төлеуден жалтарып жүргендердің кірісі тексеріледі

Ақша қайдан келіп жатыр? Енді картаңызға мобильдік аударымдар есебінен бір млн теңгеден артық ақша түсетін болса, онда салықшылардың қырағы бақылауына ілігесіз. Үш айдан соң осындай меже қойылған талап қолданысқа енгізіледі. Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, қазір екінші деңгейлі банктер мобильді аударымдар бойынша клиенттер туралы ақпараттарды салық комитетіне беруді бастаған. Түсінікті тілмен айтсақ, азаматтардың салықтық берешегін тексерудің үш негізгі критерийі енгізіледі. Біріншісі - бір азаматтың шотына кемі 100 адамнан аударым түсетін болса, онда ол жасырын бизнеспен айналып жүр деген санатқа алынады. Екінші – сол 100 аударым үш ай бойы қайталанса, тұлға бірден күдікке ілігеді. Үшінші - ол сома 1 млн теңгеден асатын болса, жасырын кәсіпкер мемлекеттің бақылауына өтеді. Тиісті заң жобасы қабылданды. Осы жылдың күзінде қолданысқа енеді.