Шағын және орта бизнестің 40 пайызы Алматыда

Шағын және орта бизнестің 40 пайызы Алматыда

Елдегі жеке кәсіпкерлердің басым бөлігі Алматыда шоғырланған. Қазір шаһарда шағын және орта бизнесте 150 мыңнан астам субъект бар. Онда шамамен 250 мыңнан астам адам еңбек етеді. 2024 жылы өндіріс көлемі бір триллион теңгеден асты. Әрине, бұл Алматы экономикасының тұрақты дамуына ықпал ететін күш.  Алматы кәсіпкерінің айтуынша, қосылған құн салығының шегін 40 миллион теңгеге дейін төмендету қала экономикасының одан әрі дамуына оң ықпал етіп, жергілікті кәсіптің ахуалын жақсарта түсуі тиіс.

Әсел Кенжебекова, Кәсіпкер:

- Әсіресе, жаңадан іс бастаған кәсіпкерлер үшін бұл өзгерістер үлкен көмек болмақ. Өзім де кәсібімді шағын көлемде бастап, бастапқыда салық жүктемесінің ауыртпалығын сезіндім. Қосылған құн салығының шегін төмендету біз сияқты кәсіпкерлерге дем береді. Бұл шығындарды азайтып, бизнесті ашық әрі заңды жүргізуге ынталандырады. Сонымен қатар, мұндай бастамалар шағын және орта бизнестің өңірлік деңгейде дамуына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді.

Айта кетейік, енді жеке кәсіп ашу да оңай болмайын деп тұр. Үкімет жеке кәсіпкерлікті тіркеу талаптарын қатаңдатуды ұйғарған. Бұл бастама халықаралық тәжірибеге, нақтырақ айтқанда, Түркияда сәтті қолданылып жүрген жүйеге негізделіпті. Бизнестегілер бұл бастаманы қолдап, нарықтағы әділ бәсекені қалыптастыруға және салықтық тәртіпті нығайтуға ықпал етеді деп үміттенеді. Себебі саны бар сапасы жоқ бизнес соңғы уақытта қаптағаны өтірік емес. Ұлттық статистика бюросының бірінші наурыздағы дерегіне сәйкес, елімізде 1,8 миллионнан астам жеке кәсіпкер тіркеліпті. Соның 1,7 миллионынан астамы белсенді түрде жұмыс істейді.