Шерзат Болатқа қатысты сот процесі онлайн өтуі мүмкін
Прокуратура Шерзат Болатқа қатысты сот процесін онлайн өткізу туралы өтініш жасайды. Себебі жәбірленушілер тарапынан соттың ашық өтуі туралы көп айтылып жатыр. Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатында Алматы облысының прокуроры Берік Адамов мәлімдеді. Ал, ІІМ өкілдері күдіктілер мен куәгерлерден жауап алынғанын айтты. Енді алдағы күндері жәбірленуші тараптан жауап алынады.
Айта кетейік, бүгінде Шерзат Болаттың өліміне қатысты 10 адам күдікті деп танылды. Сондай-ақ, полиция Талғардағы оқиға орнында түсірілген видеоның тарап кетуіне байланысты қылмыстық іс қозғады.
Берік Адамов, Алматы облысының прокуроры:
– Кәмелетке толмаған Шерзат Болаттың өлімі бойынша тергеу қарқынды түрде жүріп жатыр. Біздің тарапымыздан тергеу іс-шараларының заңдылығы мен толықтығы обьективті қамтамасыз етілуде. Тергеу сатысында ешқандай заң бұзушылықтар анықталған жоқ. Сот процесінің ашық өтуі бойынша прокуратура сотқа өтініш хат енгізу қарастырылады.
Бауыржан Әленов, Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары:
– Қазіргі уақытта БАҚ құралдарында көптеген бұрыс ой-пікірлер таралып жатыр. Кейбір блогерлер мен тіпті ресми БАҚ құралдары субьективті қорытындылар жасауда. Әрбір таралған жалған ақпарат оны жоққа шығаруды қажет етеді. Бұл жедел тергеу жұмысына кедергі келтіріп жатыр.

