Шетелдік туристердің Қазақстанға қызығушылығы артып келеді

Осы жылдың алғашқы тоқсанында олардың саны екі есе артқан. Былтырдың сәйкес кезеңінен 130 мың адамға көп. Жалпы биылғы есептік кезеңде еліміздің көркін  228 мыңға жуық сырт ел азаматы тамашалап қайтқан. Бұл тіпті саяхатшылар үшін тартымды жазғы маусым емес. Сондықтан, бұл жақсы көрсеткіш дейді, сала мамандары.  

Ақмарал Меңлібек, ҚР МСМ комитеті басқармасының бас сарапшысы:

Өткен жылы елге 1 миллионға жуық шетелдік турист келді. Биыл бұл көрсеткіш 1,4 миллионға дейін өседі деп күтілуде. Бұл шетелдік қонақтардың Қазақстанға туристік бағыт ретінде қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді. Мәселен, жаздың басынан бастап Қазақстанға келген шетелдіктер саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3 есе артты.

Осылайша, Қазақстан өткен жылы ғана туристерден 572 млрд теңге табыс көрді. Алыс шетелден келген бір саяхатшы орта есеппен елде бір жарым мың доллар жұмсайды. Бұл орайда айта кетерлік жайт, отандық қонақүйлер де биылдың алғашқы үш айында 43 млрд теңгеден астам пайдаға кенелген.

Нұртас Байларов, ҚР МСМ комитеті басқармасының бас сарапшысы:

Ұлттық банк мәліметінше, Қазақстанға алыс шетелден келген 1 турист орта есеппен 1500 доллар табыс әкеледі. Әр шетелдік саяхатшы  2 жұмыс орнын құрады. Мәселен былтыр  1 млн жуық өзге ел азаматы бізге турист ретінде келді. Нәтижесінде осы  қызметтен түскен салықтар бойынша рекорд тіркелді. Ұлттық қазынаға 389 млрд теңге түсті.  Ал елімізде орналастыру орындары 183 млрд теңгеге жуық табыс тапты.

Жалпы, қазақстандықтардың өздері де шетелге саяхаттаудан гөрі туған жердің көркін тамашалауды жөн көреді.  Мәселен осы жылдың қаңтар-наурызында  ішкі туристер саны 1 млн 350 мыңға жетті.