Су саласы цифрландырылады

Су саласы цифрландырылады

Біріккен Ұлттар ұйымы Қазақстанға су секторына арналған IT-өнім және жаңа Су кодексін жасауға көмек көрсетуге әзір. ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы өкілдерімен кездесті. Тараптар су секторын цифрландыру және автоматтандыру мәселелері бойынша ынтымақтастықты және басқа да маңызды мәселелерді талқылады. Ұйым өкілдері Түркиядағы аймақтық кеңседегі техникалық мамандарды жіберіп, отандық құрастырушы мен инженерлерге кеңес беру мәселесін жолға қоятындарын жеткізді. Сондай-ақ, Нұржан Нұржігітов Қазақстан мен көрші мемлекеттер арасында су ресурстары бойынша ақпарат алмасуды қамтамасыз ету жөніндегі жобаны іске асыруға қатысуды ұсынды.

Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:
-
Қазір біздің министрліктің алдында бірнеше міндет тұр. Біріншіден – су қорын жинақтау, артынша – суды тиімді қолдану керек. Сонымен қатар, ылғал жинақтайтын технологияларды қолдануды да жоспарлап отырмыз. Қазір біз су кодексі мен Қазақстан республикасының 2030-ы жылға дейінгі су ресурстарын тиімді пайдалану тұжырымдамасын жасап жатырмыз. Бұл қос тарап өзара әріптес бола алатын салалар. Суды үнемдеу керек деген кезде, біздің гидротехникалық қондырғылар мен иррагациялық жүйелерді  цифрландыру мен автоматтандыру мәселесін бірінші кезекте шешу керек. Сондықтан, ортақ мүдде үшін өзара серіктестікті нығайту аса қажет. Себебі, жыл өткен сайын су ресурстары мәселесі аса өзекті болып келеді.