Тараз қарқынды дамып келеді

Тараз қарқынды дамып келеді

Соңғы үш жылда Таразда 5 жаңа мектеп салынған. 8 білім ордасы жөндеуден өтті. 325 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілген. Қалада 17 мыңнан астам жұмыс орны ашылған.  Мұның бәрі экономикаға тартылған инвестицияның нәтижесі. Бүгін шаһар басшысы баспасөз мәслихатын өткізіп, екі жылдық даму көрсеткіштерін жариялады.


Тараз тұрғындарының саны 423 мыңнан асты. «Әулиеата» және «Жібек жолы» аудандары екіге бөлінді. Көлік жүктемесін азайту үшін Абай даңғылында көпір салынып жатыр. Ол шаһардың батысы мен шығысын жалғайтын болады. Құрылысы екі жылда аяқталады.


Бақытжан Орынбеков, Тараз қаласының әкімі:


- Тұрғын үй мәселесіне келер болсақ, соңғы екі жылда тұрғын үй көлемін едәуір арттырдық. Қазір қала аумағында 8 үйдің құрылыс жұмыстары жүруде. Осы деңгейді ұстап тұру біздің мақсатымыз.


Қалаға келген туристер саны 56 мыңнан асып, 12 пайызға артты. «Ежелгі бекініс» кешенінің үшінші кезеңі аяқталды, жаңа қонақ үйлер салынып жатыр. Соның бірі Еуропалық стандартқа сай «Хилтон» қонақ үйі. Ол да келер жылы қолданысқа беріледі деп күтілуде. Бұл да Тараздың көрікті орындарының біріне айналады. 


Бақытжан Орынбеков, Тараз қаласының әкімі:


- Қала аумағына дүниежүзілік брендтердің келуі, оның ішінде «Хилтон» қонақ үйінің келуі туризм саласының динамикалық көрсеткіші деп санауға болады. Себебі олар салмас бұрын қаланың дамуын, перспективасын зерделеп рұқсат берген болатын.

Жалпы, Тараздың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері тұрақты өсіммен аяқталды. Қала әкімдігі алдағы жылы да инфрақұрылым, жол сапасы, инженерлік жүйелер мен қолжетімді баспана бағытында жұмыстар жалғасатынын айтты.