Тарихи суреттерге ЖИ көмегімен жан бітті
Жеңістің
80 жылдығына орай Президент Телерадиокешені тағы бір ерекше жобаны бастады.
Kazinform агенттігінің фотомұрағатындағы соғыс жылдарындағы сирек суреттерге
жаңа технология көмегімен жан бітті. Мәселен, мына сурет 1941 жылы түсірілген.
Онда үздік жұмысы үшін №46 балалар үйінің комсомол ұйымы Қызыл Тумен
марапатталды. Сол жақтағы қатарда қазақтың қаһарман қызы Әлия Молдағұлова
сегізінші болып тұр. Қазір 1 ғасырдан астам тарихы бар ақпарат агенттігінің
мұрағатында 100 мыңнан астам фото жинақталған. Олардың арасында еш жерде жарияланбағандары
да көп. Қор Қазақстан және Ресей мұрағаттарынан алынып, толықтырылып жатыр.
Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіске арналған жоба еліміздің теміржол
вокзалдары мен әуежайларындағы LED экрандардан көрсетіледі. Ал, 5-ші мамырда
Астанадағы «Нұрлы жол» вокзалында «Қазақстан темір жолының» қолдауымен
«Жеңістің 80 жылдығы. Kazinform фотошежіресі» атты көрме ашылады және ол 31-ші
шілдеге дейін жалғасады.

