Тау-кен металлургия өнеркәсібін дамыту
Алдағы төрт жылда елімізде тау-кен металлургия саласында бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда. Екі жылда екі кәсіпорын Қарағанды облысында іске қосылмақ. Бұл кәсіпорындар – қуаты сағатына 1200 тонна көмір байыту фабрикасы және жалпы қуаты жылына 57 мың тонна өнім шығаратын агломерациялық фабрикасы бар ферроқорытпа зауыты.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, кәспіорындардың жұмыс істеуі өнеркәсіпте еңбек өнімділігін арттырады.
ЖАНАТ ИГІСІНОВ, ҚР ИИДМ ИНДУСТРИЯЛЫҚ ДАМУ КОМИТЕТІ ҚАРА МЕТАЛЛУРГИЯ ЖӘНЕ КӨМІР ӨНЕРКӘСІБІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
- Екі жоба да 2020-2025 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылуда, сондықтан жоспарланған жобаларды қосуға болады. Екібастұзда техникалық кремний өндірісі бойынша жаңа жоба басталмақ. Осындай ұқсас жобалар басқа өңірлерде де, түсті металдар мен темір кендерін өндіру бойынша да іске қосылатын болады, сондықтан бұл жобалардың болашағы зор.
Сарапшылардың айтуынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша оң үрдіс еліміздің барлық өңдеу өнеркәсібінде сақталды. Мысалы, металлургиядағы өндіріс көлемі 2,6 процентке, ал түсті металлургия 2,8 процентке өсті. Сондай-ақ, тау-кен металлургия саласы республиканың басқа салаларының ішінде инвестиция тарту көлемі бойынша көш бастап, экспорт бағытын ұстанады.
ЖАНАТ ИГІСІНОВ, ҚР ИИДМ ИНДУСТРИЯЛЫҚ ДАМУ КОМИТЕТІ ҚАРА МЕТАЛЛУРГИЯ ЖӘНЕ КӨМІР ӨНЕРКӘСІБІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
- Егер қара металлургия бағытын айтатын болсақ, біздің негізгі экспорттаушымыз «Қазхром» өндіріс орны. Өндірілетін өнім – ферроқорытпалар, атап айтқанда феррохром, орташа көміртекті, жоғары көміртекті феррохром, төмен көміртекті феррохром. Аталған өнімдер Батыс Еуропа, Солтүстік Америка, Чили, Жапония, Оңтүстік-Шығыс Азия және Таяу Шығыс елдеріне экспортталады.