Таза Қазақстан: Жетісу облысында 121 мың түп ағаш егіледі

Таза Қазақстан: Жетісу облысында 121 мың түп ағаш егіледі

Жетісу облысында үш бірдей экопарк салынады. 121 мың түп ағаш егіледі. Ақордаға келген өңір әкімі Бейбіт Исабаев Президентке осылай деп есеп берді. Айтуынша, биыл өңірге 610 млрд теңге инвестиция тартылған. Енді келер жылы 23 инвестжобаны жүзеге асыру міндеті тұр. Бұлардың қатарында құс фабрикалары, мал бордақылау алаңдары, балық және жылыжай шаруашылықтарының құрылысы бар, - деді Бейбіт Исабаев. «Талдықорған – Үшарал» магистральді газ құбыры іске қосылып, 210 елді мекен көгілдір отынға қол жеткізіпті. Осылайша аймақтағы газдандыру деңгейі 67 пайыздан асқан. Агро сектордағы Ақсу және Көксу қант зауыттарының өндірістік қуаты 2 есеге артқан. Енді өнім көлемін 950 мың тоннаға жеткізу жұмыстары жасалып жатқан көрінеді. Бұдан бөлек, өңір әкімі өнеркәсіп саласы бойынша соңғы үш жылда 39 жаңа нысан іске қосылып, 2 мыңға жуық адам екі қолға бір күрек тапқанын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік-экономикалық бағытын дамыту бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.