Тәжікстанда Қазақстанның мәдениет күндері басталды

Тәжікстанда Қазақстанның мәдениет күндері басталды

Тәжікстанда қазақтың мәдениет күндері басталды. Осыған орай Душанбеде Абай ескерткіші ашылды. Монумент екі елдің тамыры терең тарихи-мәдени байланысының нышаны іспетті. Әрі биыл туғанына 179 жыл толған қазақтың ұлы ақыны, ғұлама ойшылының рухына тағзым.  Еңселі ескерткіш Тәжістан астанасының қақ ортасында, Фурдауси саябағында орнатылған. Абай мүсіні қоладан құйылған. Тұғырының биіктігі 2 метрге жуық. Бюстің өзі 1 метрден биік.

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

– Әлемнің бірнеше қаласында Абайдың  ескерткіші бар. Атап айтсақ: Каирде, Будапешт, Бейжің, Ташкентте, Мәскеуде де монумент қойылған. Енді олардың қатарына Душанбе қосылды. Жақында Астанада  ұлы ғалым, медицина ілімінің негізін қалаушы Ибн Синаның ескерткіші ашылды. Мұның бәрі достық нышаны ғана емес, екі елдің мәдени-рухани байланысын бекіте түсетін  айтулы оқиға. 

Айта кетейік, ертең Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстанға барады. Екі күндік мемлекеттік сапар аясында сан салаға серпін берер маңызды кездесулер болады. Екі елдің ежелден жалғасқан серіктестігін жаңа деңгейге көтеретін стратегиялық құжаттарға қол қойылады. Осы сапар аясында Душанбеде бірқатар шара қатар өтіп жатыр.Атап айтсақ, қазақ-тәжік бизнес форумы, ғалымдар конференциясы, әйелдер мен жастар форумы, қазақ мәдениеті күндері аясында қазақ киносы мен бейнелеу өнері, қолөнер шеберлерінің көрмесі өтпек.