«Түркістан-Ташкент» жүрдек пойызы іске қосылады
Түркістан мен Ташкент арасын жалғайтын жүрдек пойыз іске қосылады. Бұл Түркістанның тек Қазақстан емес, Орталық Азияның ірі туристік орталығына айналуына септігін тигізбек. Жан-жақты дамып келе жатқан қалаға түркиялық туризм компаниялары да инвестиция құюға мүдделі. Бұл жайында Ыстамбұл қаласында Қазақстан елшілігі мен Түркістан облысы әкімдігі ұйымдастырған жиында талқыланды. Мұнда екі елдің туризм бағытындағы кәсіпкерлері бас қосты.
Айта кетейік, бұған дейін де Түркістан халықаралық әуежайы, «Керуен-сарай» туристік кешені сияқты ірі жобаларға инвестиция құйған түркиялық компаниялар осы бағыттағы жұмыстарын жалғастырмақ ниетте.
Нұрдәулет Медеуов, Түркістан облысы туризм басқармасының бөлім басшысы:
- Біздің тараптан кездесуге бірнеше туристік және әуе компанияларының өкілдері қатысты. Осылайша Түркиядағы туристік компаниялармен келісімшарттар жасай отырып, Түркістан облысына шетелдік туристерді тартуға ниеттіміз.