Түркістанда «Таза Қазақстан» аллеясы ашылды

Түркістанда «Таза Қазақстан» аллеясы ашылды

Түркістанда «Таза Қазақстан» деп аталатын аллея ашылды. Онда «Ерлік пен бірлік – заң мен тәртіптің тірегі» атты тағылымды акция өтті. Айтулы шараны Экономикалық тергеп-тексеру департаменті мен облыс әкімдігі Қазақстан халқының бірлігі күні және Ұлы Жеңістің 81 жылдығына орай ұйымдастырды.

Қаржылық мониторинг агенттігінің саябағы ерекше кейіпке енді. Мұнда қазақтың біртуар батырлары мен тарихи тұлғалары дүниеге келген өңірлерден арнайы көшеттер жеткізіліп, егілді.

Мәлік Отарбаев, ҚР Президентінің кеңесшісі:

- Бұл бастаманы біз әр дайым қолдайтын боламыз. Жастарымыз да үнемі «Таза Қазақстан» деген ұғымға мән беретін болса, онда біздің алмайтын асуымыз, бағындырмайтын белесіміз қалмайды.

Бұл жоба тек табиғатты қорғау ғана емес, елді ортақ құндылықтар төңірегінде топтастыратын маңызды алаңға айналды. Шараға зиялы қауым өкілдерінен бастап, түрлі этнос өкілдері мен ерікті жастарға дейін атсалысты.

Рамилия Мустафаева, «Гарабах» Әзербайжан этномәдени бірлестігінің жетекшісі:

- Қаншама осы шет елден қонақтарымыз келіп, қалаға аң-таң болуда. Соған да біз өз үлесімізді қосып отырмыз. Осы мерекемен де барша қазақстандықтарды құттықтаймын!

 «Ерлік пен бірлік – заң мен тәртіптің тірегі». Акцияның ұраны осындай. Агенттіктің ресми өкілі Ернар Тайжанның айтуынша, экологиялық мәдениет пен құқықтық тәртіп – егіз ұғым.

Акция тек ағаш отырғызумен шектелмей, елдік құндылықтарды дәріптейтін тағылымды шараға ұласты.  Шара концерттік бағдарламаға ұласып, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.