Түркияда Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы атап өтілді

Түркияда Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы атап өтілді

Анкарада Алаш ардақтысы, қазақ тіл білімінің атасы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы аталып өтті. Ғалымның шығармашылығына арналған халықаралық конференцияда дипломаттар, түрік қоғам қайраткерлері, түркітану профессорлары мен студенттер бас қосты. Олардың көбі -  Ахаңның еңбегіне арналған диссертациялар мен мақалалар авторлары. Түркия әдебиеттанушылары Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығын тек Қазақстанға ғана емес, бүкіл түркі әлеміне ортақ мұра деп есептейді.

Нергиз Бирай, Памуккале университетінің профессоры, түркітанушы:

– Түркияда Алаш қозғалысы мен Ахмет Байтұрсынұлы туралы зерттеу жұмыстары 2000-ші жылдары басталды. Өзім де доценттік диссертациямды ақынның өлеңдері бойынша қорғадым. Ол кітап болып жарияланды. Биыл 150 жылдық мерейтойға орай, түркі дүниесі ұстазының мұрасы жайлы кітап әзірледік. Қазақстан елшілігі мен Еуразия жазушылар одағы атынан жарық көрмек.

Якуп Өмероғлұ, Еуразия жазушылар қауымдастығының төрағасы:

– «Кардеш калемдер» журналы, «Бауырлас қаламдар» қазақша айтсақ, тек қана Түркияда басылып қалмайды. Әзербайжан, Өзбекстан, Татарстан, Болгариямен қоса түркі елдеріне де жібереміз. Сол арқылы, түркі дүниесіне Ахмет Байтұрсынұлы туралы мағлұмат тарайды деп есептейміз. Ахмет Байтұрсынұлы бәріміздің ортақ тұлғамыз. Тек қазақтың емес, түркі дүниесінің. Мұны барлық зиялы қауым білуі тиіс деп ойлаймыз.