Ұлытау облысында 800 шақырымнан астам электр желісі жаңартылды

Ұлытау облысында 800 шақырымнан астам электр желісі жаңартылды

3 жыл бұрын ғана іргесі қаланған Ұлытау облысында бүгінде құрылыс қарқыны екі есе артқан. Осылай деп өңір әкімі Дастан Рыспеков бүгін Астанаға журналистер алдына есеп бере шыққан брифингте айтты. Сөзіне қарағанда, биыл электр желілері жаңарып, жолдар салынып, жаңа темір жол бағы басталған. Енді шамамен 63 мың тұрғын көмірден бас тартып, газбен жылынуға мүмкіндік алмақ. Әкімнің есебін әріптесім Алтынбек Әмит тыңдаған еді. 


Ұлытау даласы соңғы жылдары жаңаша тыныс алып келеді. Биыл өңірде 819 шақырым электр желісі тартылған. 272 жабдық жаңартылды. Жарығы жиі өшетін Жаңаарқаға 46 шақырымнан асатын су жаңа кабель жүргізілген. Ток қуатын реттеу үшін 13 трансформаторлық қосалқы станция мен 1447 баған қойылды. Осы арқылы шалғай ауылдар жарыққа қолжеткізіп отыр.


Дастан Рыспеков, Ұлытау облысының әкімі:

- Облыста газдандыру жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр. Көгілдір отынмен қамтамасыз ету деңгейі қазір өңір бойынша 9,1% құрайды. Жалпы өңірде сомасы 46 млрд теңгені құрайтын 6 жоба жүзеге асырылуда.  Жезқазған қаласында 3676 абонентке газ желілер тартылып, 2 нысан газға қосылды. 2030 жылға дейін 63 мыңға жуық облыс тұрғыны газбен қамтылмақ.


Энергетикадан бөлек, жол саласы да қарқынды жаңарып келеді. Облыс құрылғаннан бері 549 шақырым жол мен төрт көпір жөнделген. Биылдың өзінде 129 миллиард теңгеден аса қаржыға 261 шақырым жолға жөндеу жүргізілуде. Кей учаскілер қайта салынады. Қызылорда–Жезқазған автожолының құрылысы басталып, бір бөлігі аяқталып тұр. Сонымен бірге «Қаражал–Атасу», «Ұлытау–Арқалық» бағыттарында да асфальт төселуде.


Дастан Рыспеков, Ұлытау облысының әкімі:

- Қызылжар–Мойынты жаңа темір жол желісі өңірдің транзиттік әлеуетін арттыра түспек.

Қазір өңірде 29 автобустық маршрут жұмыс істеп тұр. Төрт теміржол вокзалы жөнделуде. Ал жұртты баспанамен қамту үшін 29 тұрғын үйдің құрылысы қолға алынған. Айтпақшы, бұл сала биыл екі есе өсті. Былтыр пайдалануға берілген 9 үйдің арқасында 500-ге жуық отбасы құтты ұясына жайғасты. Әлеуметтік осал топтарға 100-ден астам пәтер сатып алынса, «Ұлытау жастары» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы арқылы жыл сайын ондаған жас отбасы баспаналы болады. Келер жылы тағы 35 үй бой көтереді деп жоспарланған.