V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына іріктеу басталды

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына іріктеу басталды

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында теңге ілуден Қазақстанның атынан өнер көрсететін үздіктер анықталды. 6 спортшы 3 стиль бойынша бақ сынады. Жарыс нәтижесіне сай «Қос құлаш» стилінде Рахат Қамбаров, «Бес белес» стилінде Бекнұр Серіков ал, «Жеті құт» стилі бойынша Бақыт Төлтай үздік деп танылды. Ұлттық және ат спорты түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы Нұркен Байбөриев спортшылардың дайындығы жақсы екендігін атап өтті. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында спорттың барлық түрінен алтыннан алқа тағамыз деп отыр. Теңге ілу жарыстары 11-13 қыркүйек аралығында Этноауыл аумағында өтеді.

Бақыт Төлтай, теңге ілуден Ұлттық құрама мүшесі:

– «Жеті құт» бойынша мен өзім бірінші айналымда 7 теңге ілдім. Екінші айналымда да 7 теңге ілдім. Содан алға шықтым. Ауылда атқа мініп өскенбіз. Көкпар шапқанбыз. Одан кейін өзіме ыңғайлы болған соң осы теңге ілуді таңдадым. Көшпенділер ойындарын біраз уақыт болды күтіп жүргенімізге. Көшпенділер ойындарында Қазақстанның намысын қорғап, бірінші орын алуға тырысамыз.  

Сонымен қатар, кеше жамбы атудан да ел намысын қорғайтын мергендер анықталды. Еліміздің ең үздік 10 жамбы атушы көшпенділер ойындарының жолдамасын сарапқа салды. Мергендер «мажар», «азия», «түркі», «жамбы» стильдері бойынша шеберлік сынасты. Жарыс нәтижесі бойынша Айтбек Сарыбай, Абзал Тұлыбеков және Ералхан Айкөз Ұлттық құрамаға қосылды. Енді спортшылар 18 тамызға дейін Алатау бөктерінде оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Ал  қорытынды оқу-жаттығу жиыны 27 тамыз бен 7 қыркүйек аралығында Астанада өтеді. Айта кетейік, іс-шараға 89 елден келетін 3000-нан астам спортшы спорттың 21 түрінен 97 медаль жиынтығын сарапқа салады.