WSIS PRIZES-2025: Қазақстанның IT жобасы үздік атанды
Женевадан ақжолтай жаңалық. Президент іс басқармасының инженерлік-техникалық орталығы WSIS Prizes 2025 байқауында жеңіске жетті. Бұл әлемге әйгілі цифрлық конкурс. Жерлестеріміз өз номинациясында топ 5 команда ішінде 2 миллион дауыс жинап, «Ситуациялық-сараптамалық кешен» жобасымен үздік деп танылды. Бұл платформа нақты уақыт режимінде елдің барлық аймақтары бойынша 500-ден астам индикаторды бақылай алады. Инновациялық цифрлық жүйе мемлекеттік сектордағы деректерді талдау, бақылау және жедел басқаруға бағытталған. Қазіргі таңда Президент Әкімшілігі мен Іс басқармасында сәтті қолданылады. Бұл біздің жерлестеріміздің 2013 жылдан бергі алғашқы жеңісі. Әрі елдегі мемлекеттік қызметті цифрландыру процесінің халықаралық деңгейде мойындалғанының айғағы. Айта кетейік, байқау БҰҰ-ның қолдауымен өтеді. Биыл WSIS сыйлықтарына бір мыңға тарта жобалар ұсынылған.

