Жаңа жоба іске қосылды

Жаңа жоба іске қосылды

Енді Шымкенттің әрбір тұрғыны шаһардың дамуына өз үлесін қоса алады. Ол үшін қала әкімдігі жаңа смарт жобаны іске қосып отыр. Яғни, алдағы уақытта қоғамдық орындар мен автобустарда орнатылған QR-кодтар арқылы тұрғындар мегаполисті көркейту туралы өз ұсыныстарын жолдай алады. 

Жаңа цифрлық жобаның мақсаты - мегаполис тұрғындарына қаланың дамуына белсенді араласуға мүмкіндік беру. Қоғамдық орындарда, мемлекеттік мекемелерде орнатылатын QR-код арқылы шаһарды дамытуға қатысты ұсыныс немесе ескертпе қалдыруға болады. Хабарлама бірден әкімдікке түсіп, арнайы қызметтерге жолданады. 

Сәрсен Құранбек, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: 

- Әрбір тұрғын өз ұсынысын жолдап, қаладағы оң өзгерістерге үлес қоса алады. Жоба осы мақсатта қолға алынды. Жуырда осындай QR-кодтар аудандық әкімдіктерде де орнатылады. 

Жобаға жастар да белсенді қосылып жатыр. Комьюнити-орталық жетекшісі Рызғали Сүлейменов шаһарды болашақта қалай көргісі келетінін анықтау үшін шағын сауалнама жүргізген. 

Рызғали Сүлейменов, ҚХА жанындағы жастар комьюнити орталығының директоры: 

- Бұл өте жақсы бастама. Өйткені әр азамат өз идеясын ұсынғанда ғана қала дамиды. Әкімдік те бұл ұсыныстарға назар аударады. 

Жаңашыл бастамаға зейнеткерлер де оң бағасын беріп отыр. Айтуларынша, соңғы жылдары қалада көңіл қуантарлық жұмыстар атқарылып жатыр. 

Бақтияр Ысхақов, Шымкент қаласының тұрғыны: 

- Мынау саябақтар, субұрқақтардың өзі – жай нәрсе емес. Бұл – қаламыздың абыройы. Ең бастысы – адамдар үшін барлық жағдай жасалып жатыр. 

Әкімдік өкілдері QR-код арқылы түскен әр ұсыныс назардан тыс қалмайды деп сендірді. Айтуларынша, өзекті әрі өміршең бастамалар қысқа мерзімде жүзеге асады. Жаңа жүйе тұрғындар мен билік арасындағы ашық диалогты қалыптастырып, қаланы бірге дамытуға жол ашады.