Жарты жылда елде 12 мемлекеттік аудит жүргізілді

Жарты жылда елде 12 мемлекеттік аудит жүргізілді

Биылғы жарты жылда елде 12 мемлекеттік аудит жүргізілген. Бұл тексерістер 20 триллион теңгені қамтиды. Бұл туралы Президент қабылдауында Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов айтты. Оның сөзінше, аудиторлық тексерістер орта білім беру, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, цифрлық даму, электр энергетикасы және жоғары жетістіктер спортын қаржыландыру секілді негізгі салаларда жүргізілді. Олардың нәтижесінде Үкіметке және аудит жүргізілген нысандарға 60-тан астам ұсыным мен 450 тармақтан тұратын ұйғарым берілді. 20 факті бойынша іс материалдары құқық қорғау органдарына жолданды. Бұдан бөлек, Әлихан Смайылов Президентке Жоғары аудиторлық палатаның ұсынысымен әзірленген заңнамалық бастамалар жөнінде баяндады. Мәселен, енді палата бюджеттен тыс қорларды тексеру құзыретіне ие болды. Сондай-ақ, Ұлттық қор қаржысын мониторингтеу жөніндегі комиссия жұмысы қайта ұйымдастырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аудит жүйесін кезең-кезеңімен дамытуды тапсырды. Бұл ретте оның тиімділігі мен ашықтығына баса мән берген жөн. Президент мемлекет қаражатының жұмсалуын бақылауға заманауи цифрлық технологияларды енгізу маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар басы артық шығындарды азайту, ұлттық ресурстардан түсетін пайданы барынша еселеу қажет екеніне назар аударды.