Жазғы маусым ашылды: велошеру өтті
Астанада веломаусым ресми түрде ашылды. 700-ден астам адам қатысқан велошеру жаңа маусымның бастауына серпін берді. Шара «Таза Қазақстан» акциясы мен «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылды.
Бұл жолғы велошерудің қашықтығы 21 шақырымды құрады. Қатысушылар Қосшы бағыты бойындағы айналма веложолдан бастап, Үркер тұрғын алабындағы «Жасыл белдеу» саябағына дейін жүріп өткен. Осылайша Елордадағы велосипед тебу маусымы ашық деп жарияланды. Оған қатысуға сонау Алматыдан келгендер бар. Солардың бірі - Нұрбол.
Нұрбол Социал, қатысушы :
- Қазір 20 шақырым барамыз, 20 шақырым қайтамыз. Бұл машинамен 1 сағаттық жол. Велосипедпен біз қазір көреміз 2,5 сағатта жүріп барамыз.
Ал 69 жастағы зейнеткер Марат Баукенов үшін де спорт – өмір салты. Күнде 50 шақырымға жаяу жүріп, түрлі жарыстарға қатысады. Әлі де тың болуының құпиясы да осы - спортта.
Марат Баукенов, қала тұрғыны:
- Зейнеткерлерден бірінші келдім. Ешкім жоқ көрдіңіз бе, балалар. Мынау 172 медалім.
Велошеруді өткізуге мұрындық болған Астана қаласының әкімдігі. Бұл жолғы шара республика бойынша өткен «Таза Қазақстан» акциясымен сәйкес келіп отыр. Сондықтан бұл тек спортты ғана емес, экологиялық мәдениетті де дәріптеу болды.
Ержігіт Өсербай, Қалалық спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары:
- Негізгі мақсаты бұқаралық спортқа тарту осы. «Заң мен тәртіп» акциясы аясында вело қоғамдық орындарда, көшеде велоспортпен қалай дұрыс жүруі. Сонымен қатар, қоғамда тазалықты жан тазалығын, тән тазалығын үйрету.
Мамандардың айтуынша, велосипед тебу – жүрек-қантамыр жүйесін нығайтатын тиімді жаттығу. Шара соңында қатысушылар арасында лотерея ойнатылып, бағалы сыйлықтар табысталды. Веломаусымның ашылуы – елордадағы белсенді өмір салтына берілген жаңа серпін.

