Тазалық - тіршілік тынысы
Сыр өңірінің оқушылары айналаны абаттандыра жүріп, қоршаған ортаның құндылығын меңгеруді қолға алды. Яғни, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында оқу ошақтарында экологиялық мәдениетті насихаттайтын арнайы кабинеттер ашылуда. Бұл бастаманы Шиелі ауданы, Бәйтерек ауылында орналасқан №148 орта мектебінің ұстаздары қолға алған. Арнайы жасақталған кабинетте жеткіншектер айналаны абаттандыру ісін кәсіби түрде меңгереді. Мұнда қарапайым ағаштарды баптаудан бастап, түрлі тіршілік иелерінің күтіміне дейін үйретіледі. Ал осында меңгергендерін оқушылар практикалық тұрғыда жетілдіріп жүр. Қазір мектеп маңы шәкірттердің күшімен жасыл желекке айналуда. Тал-дарақтарға талапқа сай күтім жасалып, айналаның ажары кіріп қалды. Осылайша өскелең ұрпақты еңбекке баули отырып, табиғат құндылығын насихаттау ісі қатар қолға алынып отыр.

