«Таза Маңғыстау» экочелленджі қорытындыланды

«Таза Маңғыстау» экочелленджі қорытындыланды

«Таза Маңғыстау» – Ақтауда осындай атаумен 45 күнге жалғасқан әлеуметтік-экологиялық челлендж қорытындыланды. Бір жарым ай қатарынан тұрғындар мен ерікті жастар, тазалыққа жауапты еңбек ұжымдары бар – көпшілік тазалық акциясына қатысты. Ең бастысы, шара барысында «Біздің аула – біздің қала» атты қаланы абаттандыру байқауы ұйымдастырылды. Жеңімпаздар марапатталды.

«Таза Маңыстау» челленджі «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында ұйымдастырылған. Мақсаты - тұрғындар арасында экологиялық мәдениетін арттыруға және қоршаған ортаны қорғау. 45 күнге жалғасқа шараға облыс бойынша 77 команда қатысқан. Әлеуметтік желіде 2600-ден астам экологиялық жариялам шыққан. Жобаға тікелей 500-ден астам адам тартылып, қатарға 2 мыңға жуық тұрғын қосылған. Маңғыстау облысының әкімі акцияға қатысқандарға белсендіктері үшін алғыс айтты.

Нұрдәулет Қилыбай, Маңғыстау облысының әкімі:

- Әр саладан оқушылар болсын, студенттер болсын, жұмысшылар болсын қай сала болса да осыған белсенді түрде қатысты. Сол себептен барлығыңызға көп-көп рақмет. Алдарыңызда бастарымызды иеміз. Елімізді, жерімізді, мәдениетімізді, өзіміздің ішкі дүниемізді және сүйікті ақмаржан Ақтауымызды барлығымыз бірігіп отырып таза ұстайық. Естеріңізге береке берсін.

«Таза Маңғыстау» экочелленджінің жеке және ұжымдық санаттар бойынша белсенділері анықталып, «Үздік аула – 2025», «Үздік тұрғын үй кешенінің ауласы», «Үздік бизнес-аумақ», «Үздік кіреберіс», «Үздік аула сыпырушы» байқауларының жеңімпаздары марапатталды. Оларға дипломмен қатар ақшалай сыйлықтар, яғни 400 мыңнан 2,5 миллион теңгеге дейін берілді.

Кирилл Осин, «Эко Маңғыстау» үкіметтік емес ұйымының директоры:

- 45 күн бойы күн айын челлендж қатысушылары экологиялық игі істер атқарды. Яғни кейбірі экологиялық білім берумен айналысып, суды үнемдеу және ресурстарды ұқыпты пайдалану туралы пайдалы кеңестер жазды. Қатысушылар сенбілік жасап қана қоймай,  жануарларды тамақтандырып, ағаш отырғызып, жаппай тазарту жұмыстарын жүргізді. Экологиялық челлендждің басты мақсаты - тұрғындар арасында қоршаған ортаға деген қамқорлық көзқарасты қалыптастыру, тазалық мәдениетін және экологиялық сананы дамыту.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өңірден шамамен 130 мыңнан астам адам қатысыпты.  32 мың түп ағаш отырғызылған. 39 мың тонна қоқыс шығарылған. Экоакция әлі де жалғасады.

Авторы: Айман Нұрмағанбет