«Restart» экологиялық форумы өтті
Елордада «Restart» деп аталатын экожобасы өтті. Бұл бастаманың 10 жылдық тарихы бар. Мақсаты - жоғары білім беру жүйесіне «жасыл экономика» қағидаттарын енгізу. Осы уақыт ішінде университеттерде эко-клубтар құрылып, қалдықтарды бөлек жинау мен қайта өңдеудің бірегей жүйесі қалыптасып үлгерген. Биыл шараға еліміздің 10 өңірінен 23 жоғары оқу орны қатысты. Бір жыл ішінде студенттер 60 тоннадан астам пластик жинап, рекордтық көрсеткішке қол жеткізген. Екі күнге созылған форумда Парламент депутаттары, Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілдері мен кәсіпкрлер бас қосып, арнайы сессияларда маңызды мәселелерді талқылады. Жиында сарапшылар студенттердің волонтерліктен кампустар ішінде тұрақты инфрақұрылым қалыптастыруға көшкенін, яғни экологиялық шешімдердің жүйелі сипат алғанын жоғары бағалады. Бастама алдағы уақытта мемлекет, бизнес пен азаматтық қоғам арасындағы серіктестікті нығайтып, өңірлерде ауқымын одан әрі кеңейтпек.

