Орман-мелиорациялық жұмыстар басталды

Орман-мелиорациялық жұмыстар басталды

Арал теңізінің құрғаған табанында орман-мелиорациялық жұмыстар басталды. Биылғы меже- 60 гектар алқапты жасыл желекке айналдыру. Өйткені «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының мақсаты -  қала мен ауыл-аймақты жинап -жиыстыру ғана емес, бізді қоршаған ортаның тазалығы мен тұтастығын қамтамасыз ету. Сыр өңіріндегі әріптесім Елжас Әбділда сабақтайды.


Арал теңізінің құрғаған ұлтаны шамамен 6 миллион гектар. Оның 2 миллион 800 гектары Қазақстанға тиесілі. Мамандар жыл сайын 100 миллион тонна тұзды шаң ауаға көтеріліп жатқанын айтады. Тіпті тұз ұшқыны Солтүстік мұзды мұхитқа дейін жеткен. Мұны тоқтатудың жалғыз жолы мелиорациялық жұмыстарды жеделдету. Осы орайда биыл теңіздің құрғаған ұлтанына 18 мың түп көшет егу көзделген. Бұл бастама тың тәсіл арқылы жүргізіліп жатыр.


Серікқали Мұқатаев, «Халықаралық Аралды құтқару қоры» атқарушы дирекциясының директоры:


- Жаңа тәсіл арқылы сексеуіл егу жұмыстары жүргізіледі. Ол дегеніміз дронмен сексеуілдің түбінде арнайы копсула болады. Бізде ең үлкен проблема сексеуіл еккенде оның қаншасы өсіп шығады деген. Еккендердің аз пайызы ғана шығады. Сондықтан осы тәсіл арқылы ексек көбейеді. Біз 1 гектар аумақты арнайы соған бөлдік. Егер ол жақсы көрсеткіш болса әрі қарай 50 гектарға көбейте береміз.


Жалпы бұл бастама теңіз түбінде тұзды шаң әсерін азайтып, орнықты экожүйе қалыптастыруды көздейді. Осы орайда Мемлекет басшысы 1 млн, 100 мың гектар аумақты сексеуіл алқабына айналдыру жөнінде жауаптыларға тапсырма жүктеген еді. Маңызды шаруа 2021 жылы басталды. Алғашқы жылы 101 мың гектар аумаққа сексеуіл көшеттері отырғызылса, 2022-де бұл көрсеткіш 250 мың гектарға ұлғайған. Ал одан кейінгі жылы 194 мың гектар жасыл желекке оранса, былтыр 127 мың гектарға сексеуіл мен галофит өсімдіктерінің тұқымдары егілді. Биылғы меже 340 мың гектардан астам алқапты гүлдендіру.


Инфографика: Арал теңізінің құрғаған табанын түлету жобасы:


️- 2021 жылы - 101 мың га;

️- 2022 жылы - 250 мың га;

️- 2023 жылы - 194 мың га;

️- 2024 жылы - 127 мың га;

️-2025 жылы - 340,9 мың га.


Мүслім Жиенбай, «Халықаралық Аралды құтқару қоры» атқарушы дирекциясы бөлімінің бас маманы


- 1993 жылы Арал қорын құру кезінде 5 мемлекет келіскен болатынбыз. Біз Аралды бұрынғы қалпына келтіре алмаймыз, оны мойындаймыз. Енді тек біздің мақсатымыз Аралды кіші көлемде табиғи су нысаны ретінде сақтауға күш салуымыз керек, деген. Осыған байланысты «Көкарал» бөгеті салынып, кіші Аралды қалпына келтірдік. Бұл құтқару қоры құрылғаннан бері нақты жасалған жұмыс.

Арал теңізінің құрғаған ұлтаны әлемдегі ең үлкен экологиялық ошақтың бірі. Бір сөзбен, аспан астындағы ауқымды мұражай десек те болады. Сондықтан мұны қызықтаушылар көп. Бұл жолы еліміздің бірқатар оқу орындарының студенттері мен шетелдік журналистер арнайы келді. Олар теңіздің құрғаған табанын көзбен көріп, эко акцияға үлес қосуға мүмкіндік алды.