Экологиялық жауапкершілікті арттыратын сенбілік өтті
Жетісуда «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында жалпы облыстық
сенбілік өтті. Ауқымды шараға 15 мыңнан астам жетісулықтар қатысты. Игі
бастамаға облыс әкімі Бейбіт Исабаев та қатысып, студенттермен бірге ағаш
отырғызды. Аймақ басшысы тек сенбілікке қатысып қана қоймай, жастарға цифрлық
білім мен экологиялық жауапкершіліктің маңызын атап өтті.
Жетісудағы тазалық 7 өзеннен басталды. Бұл жолы экологиялық шара Ақсу
өзенінің жағалауында өтті. 700-ден астам адам және 17 бірлік арнайы техника
жұмылдырылған бұл жерде тек өзен арнасын, бойын тазалау ғана емес, жалпы саны
500 көшет отырғызылды. Бұндай көгалдандыру шаралары облыстың барлық аудан,
қалаларында жүргізіліп, 8 мыңнан астам ағаш отырғызылды.
Жармұхамет Тойымбек, Сарқан ауданының тұрғыны:
- Атадан мал қалғанша тал қалсын дейді ғой. Бүгін мынау сенбілік жасап
жатыр екен мына Қойтаста. Осыға өзім келіп ат салысып тұрмын. Бір екі ағаш
немереміз екеуміз ектік. Мына келешек тұрғындарға жақсы бопты. Жігіттердің
еңбегі жансын.
Осы күні Талдықорған қаласындағы «Қаратал» шағын ауданында орналасқан
Жетісу университетінің студенттік жатақханасы аумағында да 50 қылқан жапырақты
ағаш отырғызылды. Жалпы облыс орталығында абаттандыру бағытындағы
инфрақұрылымдық жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Соның бірі – автоматты
суару жүйесін орнату. Жоба жасыл аймақтарды тиімді күтіп-баптауға мүмкіндік
беріп, суды үнемдеуге және табиғатқа ұқыпты қарауға бағытталған.
Бағдат Тасболатов, Құрылыс учаскесіне жауапты маман:
- Толық біткен кезде бізде 44 магнитный клапан қойылады. Әр зона бөлек бөлек суарылады. Бізде общий площадь 43 мың квадрат зеленая зона суарылуға берілген. Ешқандай су жетпей қалу деген болмайды. Бәрі по проекту по плану істелініп жатыр.
Жалпыоблыстық сенбілікке 15 мыңнан астам адам қатысып, 225 бірлік техника
жұмылдырылды. Нәтижесінде 1453 тонна қоқыс шығарылды.

