Жазушы Әкім Тарази өмірден өтті

Жазушы Әкім Тарази өмірден өтті

Әдебиет әлемінің «Әкімі» атанған белгілі жазушы, драматург, Еңбек ері - Әкім Тарази 92 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Қазаға орай Мемлекет басшысы оның отбасына - жары Роза Мұқанова мен балаларына көңіл айтып, жеделхатын жолдады. «Әкім Тарази бүкіл саналы ғұмырын сөз өнеріне арнаған, төл әдебиетіміз бен мәдениетімізді төрге оздырған ұлтымыздың біртуар перзенті еді. Дарынды қаламгер қазақ прозасының көкжиегін кеңейтті, ұлттық кино және драматургия саласына өлшеусіз үлес қосты. Асыл мұратынан ешқашан айнымаған қалам иесін көзі қарақты оқырман «Әдебиет әлемінің Әкімі» деп ардақ тұтты, зиялы қауым оның шығармашылығымен қатар адамгершілік қасиеттерін ерекше бағалады. Өнегелі өмір сүріп, соңына мол мұра қалдырған Әкім Таразидің жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады, – делінген жеделхатта.