Бүгін Бердібек Соқпақбаевтың туған күні

Бүгін Бердібек Соқпақбаевтың туған күні

Бүгін қазақ әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың туған күні. Қаламгердің 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде кеңінен тойланып жатыр. Ұйым құрамындағы 170 елдің 70-інде Бердібек Соқпақбаевтың шығармалары насихатталып, түрлі жыр жарыстары ұйымдастырылды.

Бердібек Соқпақбаев балалар әдебиетінің мәуелі бәйтерегі. Оның «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Өлгендер қайтып келмейді» атты шығармаларынан талай оқырман сая тауып, сусындады. 

Нұрлан Қалқа, ақын:

– Кезінде орыс тіліне, бірнеше шет тілдеріне аударылып «Менің атым Қожа» шығармасы арқылы Қазақ әдебиетін әлем таныды. Сондай үлкен балалар әдебиетінің көрнекті тұлғасының туғанына бүгін тұп-тура бір ғасыр, 100 жыл толып отыр. 

Өткен ғасырда дүниеге келсе де, «Қожаның» бейнесін еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін әлі күнге  жазбай таниды. Мұны тексеріп, сауалнама жүргіздік. Ал, Соқпақбаевтің суретіне келгенде сәл кідіріңкіреп қалды.

Менің атым Қожа классикалық туынды. Ол көркем фильм болып таспаланғанда, тіптен танымал бола түсті. Қазір кинодағы кейбір фразалар ел ішінде әлі айтылып жүр. Айта кетерлігі, «Менің атым Қожа» фильмі жаңа форматта қайта түсіріліп жатыр. Актерлік құрам да алдыңғысынан айнымайды. 

Дәулеткерей Кәп, Қазақстан жазушылар одағының хатшысы: 

– Бердібекті тек қана балалар әдебиетінің классигі деген шеңберге қысып қойған сияқтымыз. Жалпы Қазақ әдебиетінің классигі екендігінде дау жоқ. Өйткені оның шығармаларын еңкейген қариядан, еңбектеген балаға дейін түсінеді.