Жекеменшік мектептерді қаржыландыру жүйесі өзгереді
Жекеменшік мектептердің жартысына жуығы жабылып қалуы мүмкін. Өйткені мемлекет субсидиялау саясатын қайта қарамақ. «Жан басына қарай қаржыландыру жүйесін» Мемлекет басшысы да кешегі сұқбатында сынға алды. Себебі тізімді артығымен көрсетіп, бюджеттің бүйірін сорып отырғандар аз емес. Қазір елде 850 жеке білім ордасы бар.
Ляззат Әлжанова
3 баланың анасы. Үлкені жекеменшік мектепте оқиды. Енді оларға мемлекеттен
қолдау тыйылса, оқу ақысы шарықтап кетеме деп алаңдаулы. Бұл көпбалалы
ата-аналардың қалтасына салмақ салады.
Ляззат Әлжанова,
Астана қаласының тұрғыны:
- Келер жылы қызым 1-сыныпқа барады. Егер оқу ақысы
өссе көп ата-аналарға қиын болады. Енді сен барлық баланы бірдей дамытқың
келеді. 1 баланы бөліп, біреуіне жағдайым болай тұр, сен қоя тұр деп айту да
қиын.
Қаржылай қолдау
тоқтаса, жекеменшік мектептердің 50 пайызы жабылуы мүмкін. Одан мемлекеттік
білім ошақтарында орын тапшылығы туындап, үш ауысыммен оқитын мектептердің саны
артуы ықтимал, - дейді сарапшылар.
Роза Садықова,
Республикалық жеке білім беру ұйымдары қауымдастығының төрағасы:
- Қаржы бөлінбесе орта топтағы мектептер өз жұмысын
жалғастыра алмай қалады. Мектептер есігін жабады. Ковид кезінде көп бала өмірге
келді. Олар 1-сыныпқа барады. Шамамен 2 жарым мың бала. Сол кезде жайлы
мектептер, мемлекеттік мектептер оқушыларды орынмен қамтамасыз ете алмай
қалады.
Қазір елде
850-ден астам жеке мектеп бар. Онда 321 мың оқушы білім алса, шамамен 50 мың
мұғалім сабақ береді. Жекеменшік мектептер саны бойынша көш басында Шымкент,
Астана, Алматы қалалары тұр.
Білім
ордаларының барлығы бірдей баланың зейінін ашуды көздейді деп айту қиын.
Арасында қалтаның қамын ойлағандар да бар. Мұны Мемлекет басшысы «Түркістан»
газетіне берген сұқбатында шегелеп айтты. Қаржыландыру жүйесін реформалау
керегін жеткізді. Уақыт созбай Үкіметте бірден іске кіріскен. Премьер-министр
Олжас Бектенов Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау және Қаржы министрлігіне бір апта
ішінде аталған мәселені шешуге қатысты нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.
Олжас Бектенов,
ҚР Премьер-министрі:
- Жекеменшік
мектептер мен жекеменшік медициналық ұйымдарды субсидиялау саясатын қайта қарау
қажеттігіне назар аударылды. Арттық қаржыландыруды тоқтату қажет. Адал
бәсекелестікте жұмыс істей алмаса, бізге мұндай бизнестің қажеті бар ма? Бұл
салада алаяқтық кеңінен таралып кеткені бәріне мәлім.
Соңғы жылдары
ақылы мектептердің саны еселеп артты. Оларға бөлінген қаржы да аз емес. Былтыр
жекеменшік мектептерге 130 млрд теңгеден астам қаражат бағытталған. Бір
балаға шамамен 695 мың теңге жұмсалған.

