Жерді шетелдіктерге беруге тыйым салу туралы заң жобасы мақұлданды
Жер дауына нүкте қойылды. Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасы аясында ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге және шетелдік компанияларға, шетелдік үлесі бар қазақстандық компанияларға, азаматтығы жоқ адамдарға, халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтарға, сондай-ақ қандастарға беруге толық тыйым салу көзделген.
Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Қандастар бойынша айтар болсақ. Олар жеке қосалқы шарушылығы, бау-бақша және саяжай құрылысы үшін жер учаскесін ала алады. Ал ауыл шаруашылығы жерлерін Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін ғана жалға алуға мүмкіндігі бар. Жер кодексі және үш заңға, оның ішінде көші-қон туралы заңға өзгерістер енгізіліп отыр. Заң жобасын қабылдау әлеуметтік-экономикалық және заңнамалық теріс әсер келтірмейді.
Сондай-ақ министр заң жобасына сәйкес, яғни мораторий енгізілгенге дейін жалға берілген жерлер туралы және олардың жалдау мерзімі қашан аяқталатыны жөнінде дерек келтірді.
Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Атап айтқанда, 74,4 мың гектар ауыл шаруашылығы жері 7 біріккен кәсіпорынға жалға берілген. Одан басқа екі шетелдік заңды тұлға 18,5 мың гектар жерді бүгінгі күні жалға алып отыр. Бұлардың барлығы мораторий енгізілгенге дейінгі алынған жерлер. Олардың жалға алу мерзімі 2022 жылдан 2025 жылға дейін. Осы уақыт өткеннен кейін бұл жерлердің барлығы мемлекетке қайтарылады.
Депутаттар өз кезегінде аталған заң жобасы ғасырдан аса уақыт ішінде дауға айналып келген түйткілді мәселенің шешімі екенін айтып, құжатты бір ауыздан қабылдады. Айта кетейік, бұған дейін құрылған жер реформасы бойынша комиссия өз жұмысын әрі қарай жалғастыра береді.