Жезқазған музей қоры бірегей жәдігерлермен толықты
Сәкен Сейфуллиннің 100 жылдығына орай қолдан тоқылған кілем, Ұлы Отан соғысы жылдарында неміс офицері киген былғары плащ, бірегей фотосуреттер мен түрлі жәдігерлер Жезқазған қаласындағы тарихи-археологиялық музей қорын толықтырды. Экспонаттардың барлығын өнеркәсіп аймағының тұрғындары «Тарихта өз атыңды қалдыр» акциясы аясында сыйға тартқан. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған көрмеде бірегей дүниелер ұсынылды.
Айта кету керек, қазір музей қорында 50 мыңнан астам жәдігер бар. Оның тең жартысы осындай шаралар кезінде жиналған.
Зағира Қалменова, Жезқазған тарихи-археологиялық музей басшысының орынбасары:
- Бұл – суырдың терісінен жасалған пальто, қолмен тігілген. Жағасы Қаракөл. Бұл – белгілі жазушы, әдебиет сыншысы, Ғалым Қаратевтың сырт киімі. Оны туысы сыйға тартты. Бұл ерекше экспонат.
Қолқанат Ескендірова, Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің ғылыми қызметкері:
- 80 жуық экспонаттар өткізілсе, оның ішінен 10 адамның экспонатын құнды, әрі сирек кездесетін экспонаттар етіп таңдап, іріктеген болатынбыз. Оның бірі белгілі өлкетанушы, музейдің алғашқы директоры Сүтемген Бүкіровке арналған, ол кісінің өзі қолданған дүниелері, бас киімі, сонымен қатар жұмыс кабинетінде пайдаланған статуеткалары, құнды қолжазбалары, фотосуреттері өткізілген болатын.