Жиһанкез жігіт Павлодардан Алматыға лонгбордпен саяхаттады

Павлодардан Алматыға дейін лонгбордпен саяхат. Ришат Шайхитдинов ерекше көлік түрімен 1500 шақырымды артта қалдырып оңтүстік шаһарға 2 аптада жетті. «Төрт дөңгелекті тақтайшаның скейтбордтан айырмашылығы ұзындығында», – дейді Алматыға жаяулатып, сырғанап жеткен жігіт.

Ришат Шайхитдинов, жиһанкез:

- Біздің елде лонгбордтардың түрі аз. Десе де мен Павлодардан ең жақсы деген тақтайшаны сатып алдым. Сапарға қандай заттардың қажет екенін жақсы білемін, сондықтан жылы киім, су мен жемістерді ғана алдым.

Бір қаладан екінші қалаға төрт деңгелекті тақтайшамен бару ақылға қонымсыз болып көрінгенмен, Ришат үшін өмір салтына айналған. Таңғы бестен жолға шығып, жарты күнде 100 шақырымды бағындырып отырыпты. Кешке қарай қонақүй тауып түнеген. «Алайда жоспар ойдағыдай бола бермейді», – дейді жиһангер.

Ришат Шайхитдинов, жиһанкез:

- Жолсыз жерлерде жаяу жүруге тура келді. Жаяу жүріс баяу әрі тез шаршайсың. Сондай күндері межелеген жерге жете алмай далада түнедім немесе түнімен жол жүрдім.

Алдағы уақытта жиһанкез лонгбордпен Қырғызстан, Өзбекстан арқылы Ауғанстанға дейін жетуді мақсат етіп отыр.