Жыл басынан бері 734 мың қазақстандық жұмыс тапты

Жыл басынан бері 734 мың қазақстандық жұмыс тапты

Жыл басынан бері кәсібін дөңгелетіп, іс бастаймын деген қазақстандықтарға 5 мыңнан астам мемлекеттік грант пен 4700 жеңілдетілген шағын несие берілді. Халықтың жұмыспен қамтылуы жайлы үкіметте еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі баяндады. Светлана Жақыпованың айтуынша, биыл 9 айда еліміз бойынша 734 мың адам жұмыспен қамтылған. Оның жартысын 35-ке дейінгі жастар құрайды. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов жыл соңына дейін жұмыспен қамтылған азаматтар санын 1 млн дейін жеткізу қажет және ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы екенін тағы бір ескертті.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
-
Қалған 2,5 айда жоспарлы көрсеткіштердің бәрі  орындалуы тиіс. Әр өңірдің өзінің жұмысқа орналастыру  жоспары бар. Онда әрбір өңірдегі  еңбек нарығының ерекшеліктері ескерілген. Соған сәйкес, мемлекеттік қолдау шаралары қаралған. Әкімдіктер жастарды еңбекке тарту ісіне  ерекше назар аудару керек.

Энергетика, мұнай-газ кешені, ауыл шаруашылығы, азық-түлік өнеркәсібі, көлік және логстика мен IT салалары әлі де болса мамандардан тапшылық көруде. Бұл мәселе де үкімет отырысында қозғалды. Премьер-Министр болашақта мемлекеттік гранттардың тізімін жасау кезінде жауапты тұлғаларға осы бағыттарға басымдық беру қажеттігін баса айтты. Сондай-ақ, Үкімет басшысы халықты жұмыспен қамтуды тек мемлекеттің мойнына жүктемей, жеке инвесторлар мен кәсіпкерлерді тарту арқылы да шешудің дұрыс екенін тілге тиек етті.