12 миллион тонна астық экспортталады
Биыл диқандардың еңбегі еш кетіп, бидай сатылмай қалмайды. Астық эскпортын жыл соңына дейін 12 млн тоннаға жеткізу жоспарланып отыр. Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин осылай деді. Астықтың басым бөлігі Орталық Азия мен Ауғанстанға саудаланбақ. Сондай-ақ, қазір Еуропалық Одақ елдерімен де келісім жасалып жатыр.
Биыл егін бітік шықты. Жауын-шашынға қарамастан, 26 миллион тонна астық жиналған. Орташа түсім гектарына 16 центнер. Ең жоғары нәтиже теріскейде. Мұнда кей шаруалар гектарына 18 центнерден өнім алған. Қазір жиын-терім түгелдей қамбаларға түсті. Тек жүгері дәнін жинау қалды.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
– Жоғары өнімділікке қолайлы ауа райы жағдайлары мен агротехнологияларды дұрыс қолдану, яғни сапалы тұқымдарды пайдалану, минералды тыңайтқыштарды енгізу және өсімдіктерді тиімді қорғау арқылы қол жеткізілді.
Өнім мол болғанымен, шаруалар қолда барын өткізе алмай отыр. Жыл басынан бергі экспорт – 3 миллион тонна. Бұл былтырғыдан 40 пайызға аз.
Қайрат Төребаев, ҚР Сауда және интеграция вице-министрі:
– Бұл төмендеудің себебі өткен жылғы өнімнің аздығы және дәстүрлі экспорттық нарықтарда бәсекелестіктің күшеюі. Негізгі экспорттық нарықтар – Италия, Түркменстан және Ауғанстан, Ресей Қазақстанның бидайын тұтынуды бірнеше есеге азайтты.
Десе де, Сауда және интеграция министрлігі «Жағдай түзеліп келеді, жыл соңына дейін рекордық көрсеткіштерге жетеміз» деп отыр Қазір қазақ астығына Индонезия, Бразилия және Малайзия қызыға бастаған. Жақында Латвия, Испаниямен де келісім жасалмақ. Енді оны жеткізу жайы қарастырылып жатыр.
Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:
– Жыл соңына дейін астық тасымалдау көлемі жоғары қарқында болады деп күтілуде, ай сайынғы көлем 1 миллион 200 мың және 1 миллион 300 мың тонна аралығында сақталатын болады. Бүгінгі күні Ұлттық оператор локомотивтерінің жалпы саны 1 мың 621 бірлікті құрайды.
Үкімет басшысы барлық астық қабылдау кәсіпорындары үздіксіз жұмыс режиміне көшуі керек деді. Сондай-ақ фитосанитариялық қызмет сапаны қатаң бақылауға алуы тиіс.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
– Диқандар тұқыммен, жеңілдікті отын және тыңайтқыштардың жеткілікті көлемімен қамтамасыз етілді. Ендігі басты міндет – жиналған өнімді сақтау мен өткізу.

