АЭС – тұрақты энергия көзі
Қазір әлемде 500-ге тарта атом электр станциясы жұмыс істейді. Мамандардың пайымдауынша, атом энергетикасын дамытуға біздің елде табиғи және технологиялық ресурстар жетерлік. Ал Алматыдағы ядролық физика институты атомды бейбіт бағытта пайдалану саласындағы технологияларды белсенді түрде енгізіп, қолданып жүр.
Ядролық физика институты ғалымдары 60 жылдан бері ядролық технологиялар үдерісін ұдайы зерттеп келеді. Энергия өндірмейтін сулы реакторға бірталай сынақтар жүргізді. Жетістіктері де жетеді. Ядролық технологиялар қазір медицинада, өнеркәсіпте және ғылыми зерттеулерде қолданылады.
Асхат Бекбаев, Ғылыми зерттеу реакторының бас инженерінің орынбасары:
– Бұл реактордан басқа біздің институтта алты үдеткіш бар. Оларда ғылыми жұмыстармен қатар өндіріс жасалынады. Қазіргі таңда адамзат күнделікті электр қуатын пайдалануын көбейтіп жатыр. Осыған орай, бізге нақты бір электр қуатын өндіретін станциялар керек. Белгілі жел және күн станциялары бар, бірақ олардың бәрі желге және күнге тәуелді.
Институтта 11 негізгі эксперименттік қондырғы бар. 23 ғылыми-зерттеу зертханасы мен заманауи аналитикалық және сынақ жүйелерімен жабдықталған 3 ғылыми-техникалық орталық жұмыс істеп тұр. Егер де елде атом электр станциясы салынса, бұл салада еңбек ететін мамандар жетеді деп отыр, ғалымдар.
Атом генерациясын электр энергиясын өндіруден бастап суды тазартуға дейін қолдануға болады. Сарапшылар станция салынып жатса, Қазақстан энергетикалық тәуелсіздігін айтарлықтай азайта алады, дейді. Сондай-ақ, экологиялық тұрғыдан да тиімді. Өйткені көмірге тәуелділік бәсеңдеп, ауа бөлінетін көмірқышқыл газының көлемі азаяды.

