Ақтөбеде қазақстандық және шетелдік бизнес өкілдері бас қосты
Ақтөбеге бүгін 20 елдің делегаты мен 7 мемлекеттің елшісі келді. Олардан
бөлек Қазақстанның және шетелдің ірі бизнес өкілдері де жиналды. Олар
Халықаралық инвестициялық форумда бас қосып, аймақтың әлеуетімен танысты.
Толығырақ тілші баяндайды.
Ақтөбеге келген қырық шетелдік
компанияның дені сауда саттық саласының өкілдері. Атап айтсақ, халықаралық
ұйымдар, технологиялық хабтар және өнеркәсіптік корпорациялар. Тек Қытайдың
өзінен 25 компанияның өкілі келді.
Асхат Шахаров, Ақтөбе облысының әкімі:
- Жалпы 448 млрд теңгеге келісім шарт жасалады. Нақты меморандумға қол қойылады. Жобалардың жол картасы бекітіледі. Инвестиция арқылы аймақтың даму қарқыны жоғары болады. Сондықтан бүгінгі алаң біз үшін өте маңызды деп есептеймін.
Шетелдік делегаттар өндіріс саласындағы жобалармен қоса ғылыми әзірлемелер
және агроөнеркәсіптік кешенінің аяқ алысымен танысты. Ал өңдеу өнеркәсібі
компаниялары машина жасау, металлургия, цифрлық өндіріс және медициналық
инфрақұрылым салаларындағы жетістіктерін ұсынды. Шетелдік бизнес өкілдерінің
пікірінше, ақтөбелік өндірушілердің өнім сапасы жоғары және экспорттық әлеуеті
зор.
Азиз Бабаджанов, Murel Enerji компаниясының өкілі, Түркия:
- Мұнда өте жақсы инвестициялық климат бар. Біз шағын электр станциясын, сыйымдылығы он мегаватт бу-газ қондырғысын салып жатырмыз. Бұл біздің тікелей инвестициямыз, біз 7 млн. долларды игердік.
Өлкенің өндірісіне таң қалған халықаралық компаниялар 17 меморандум мен
келісімдерге қол қойды. Жобалардың негізгі бағыты - жел электр станциясы,
сусындар шығаратын зауыт және газ электр станциясын салу.

