Ақылды жүйе алаяқтардың құралына айналып барады

Ақылды жүйе алаяқтардың құралына айналып барады

Бүгіннен бастап ЖИ өнімдеріне қатысты дауға контент авторлары жауап береді. Мемлекет басшысы Цифрлық кодекске қол қойды. Жаңа заңда Жасанды интеллекті пайдалану және оның жауапкершілігі туралы анық жазылған. Енді өнімнің астында ЖИ арқылы жасалғанын айқындайтын таңба болуы керек. Әйтпесе, ақылды жүйе алаяқтардың құралына айналып барады. Тіпті дүниеден өткен танымал тұлғаларды жарнама үшін пайдалану жиілеп кеткен. Мәселен, бірнеше күннен бері марқұм болғанТалғат Мұсабаевтың жұртты қаржы пирамидасына шақырып жүрген видеосы тарады. Толығырақ тілшіміз тарқатады.


 

Ардан аттап, адам алдап ақша тапқысы келгендер Талғат Мұсабаевты қасақана өлтіріп кетті деп айды аспаннан шығарды. Тіпті ғарышкердің өзіне өсиет видеосын жасаған. Ол жерде марқұм Юрий Пера есімді ғалыммен бірге дәрі ойлап тапқанын және сол үшін фарм компаниялар қастандық ойластырғанын айтады.


Шын мәнінде бұл алаяқтардың жаңа тәсілі. Өйткені Мұсабаевтың өсиет жазбасы да, Юрий Пера есімді дәрігер де жоқ. Мұндай манипулияцаны тоқтату үшін танымал ЖИ компаниялары дипфейк жасауға адамның бет-әлпетін айқындау жүйесін жаппай енгізіп жатыр. Дегенмен, оны айналып өтетін жолдар әлі де көп.


Өмірбек Әбдіқұл, жасанды интеллект креаторы:


- ЖИ-дің программа тілін дәлме-дәл көшіріп, бұл қауіпсіздік жүйесін бұзып жатыр. Дегенмен, ЕуроОдақ бекіткен заңға, АҚШ-тың жаңа ережесіне сәйкес бұндайларға қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Сондықтан ондай жұмыстар көбіне кедей елдерде отырып жасалады.


Тірілердің бет-әлпет кескінін сұрататын жүйелер өлілірге келгенде қалай жұмыс істейді? Әрине, ондай видеолар келісімсіз жасала береді. Оған тоқтау қояр шара жоқ. Әйтсе де, кез-келген ЖИ туындыларының астында арнайы белгі болу керек. Заң талабы солай. Олай болған күннің өзінде марқұмның туған-туыстары бейнежазба авторын сотқа беруге құқылы дейді заңгер.


Төлеген Болтанов, заңгер:


- Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 145-бабының 2-тармағына сәйкес, адам дүниеден өткеннен кейін оның бейнесін пайдалану тек оның балаларымен және тірі қалған жұбайының келісімімен ғана мүмкін. Егер олар болмаса, келісімді ата-аналар немесе басқа туыстар мұраға сәйкес бере алады. Келісім талап етілмейді, егер бейнені пайдалану заңнамада көзделген болса мысалы, құқық қорғау органдары қызметтік мақсатта қолданса.

Мұндай әрекеттер үшін Қазақстанның цифрлық кодексінде қылмыстық жауапкершілік көзделген. Дамыған елдердің бәрі дерлік осындай ереже бекітіп жатыр. Бірақ, IT алпауыттары оған қарсы. Мәселен, Илон Маск АҚШ сенаторларымен дипфейкке тосқауыл қою мәселесі бойынша соттасып жүр. Ол мұндай тыйым сөз бостандығына қайшы келеді дейді. Майкрасофт компаниясы да осындай аргументтерді алға тартуда.