Әлеуметтік жобалар: 160 мыңнан астам елордалық қолдау тапты
Көмек пен қолдау! Елордада «Игі істер марафоны» ауқымды жобасын жүзеге асыру жалғасуда. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі атап өткендей, бұл бағыттағы игі істер волонтерлер мен бастамашыл топтардың қатысуымен жүргізіліп жатыр.
Жыл басынан бері әлеуметтік жобалар аясында 160 мыңнан астам қала тұрғыны қолдау тапқан. Бұл туралы брифингте елорда әкімдігінің өкілі Дәурен Бабамұратов хабарлады. Оның айтуынша, биыл еліміздің бас қаласында халықтың әлеуметтік төмен топтарымен жұмыс істейтін 8 мекеме ашылды. Олардың қатарында оңалту орталықтары, отбасы институтын қолдау орталығы, көпсалалы халыққа қызмет көрсету орталығы, сондай-ақ киім тігу мен білім беру мекемелері бар.
Айта кетейік, аталған білім ордасында бір жарым мыңнан астам әйел оқытылды. Спикер атап өткендей, жыл басынан бері қалалық әкімдік 30-дан астам әлеуметтік жобаны іске қосты.
Дәурен Бабамұратов, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының басшысы:
- Біз өз мәселесімен келетін әрбір адамға көңіл бөлеміз, әрқайсысымен жеке жұмыс істейміз. Әлеуметтік сипаттағы мәселелер заң шеңберінде де шешілуі мүмкін. Бұл білім беру мәселелері, денсаулық сақтау, әлеуметтік көмек, жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек алу мәселелері және тағы басқа. Сондай-ақ кәсіпкерлердің бастапқы бастамалары да осы қатарда. Аталған мәселелер бойынша Нұр-Сұлтан қаласында тұрақты түрде жұмыс жүргізілуде.
Авторы: Ақзер Сегізбай