Алматыда Ауғанстан мәселелері талқыланды

Алматыда Ауғанстан мәселелері талқыланды

Алматыда Ауғанстан бойынша Еуропалық одақ пен Орталық Азия елдерінің Арнайы өкілдерінің кездесуі өтті. Конференцияға қатысушылар бейбіт, тұрақты және гүлденген мемлекет құруға бірлескен ұмтылыстарын растады. Қазақстан Президентінің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі Ержан Қазыхан өз сөзінде Еуроодақпен ынтымақтастық арқылы өңірдегі қауіпсіздік пен орнықты дамуды нығайту бойынша нақты ұсыныстар айтты. Осы тұрғыда кездесуге қатысушылар Біріккен Ұлттар Ұйымының Ауғанстанға жәрдемдесу жөніндегі миссиясының жаңартылған мандатын құптады.

Томас Николсон, ЕО-ның Ауғанстан жөніндегі арнайы өкілі:

– Қазақстан Орталық Азияда ерекше рөл атқарады. Қазақстан мен Ауғанстан арасында өте жақсы қарым-қатынас орнаған. Соның ішінде мәдени және сауда салаларында Қазақстан бұл елге үнемі гуманитарлық көмек көрсетіп келеді. Кездесуге Орталық Азияның бес мемлекетінің өкілдері қатысып, Ауғанстанды дамыту бойынша диалог жүргіздік.

Әлімхан Есенгелдиев, Қазақстанның Ауғанстандағы төтенше және өкілетті елшісі:

– Диалог сұрақтары қарастырылып, жалғасуда. Бұл мәселелерді шешудің қандай жолдары бар? Әрине, ең алдымен, әлеуметтік-экономикалық, қауіпсіздік мәселелері қарастырылды. Ал бұл диалогты қалай жүргізу керек? Өйткені қысым көбейген сайын, проблема да көбейе береді. Онда радикалды, консервативті және, өкінішке қарай, экстремистік ұйымдар бар.