Астана маңындағы Жібек жолы ауылына газ кірді

Астана іргесіндегі Жібек жолы ауылына көгілдір отын келді. Газ желісі «Сарыарқа» құбырынан тартылған. Төрт жылға жалғасқан жоба құны – 3 млрд 700 миллион теңге.  

Табиғи газға алғашқы болып қол жеткіздердің бірі - көпбалалы ана Эльвира Қалдыбаева. Талай жыл қымбат көмірге тәуелді болып, от жағудың азабын көрген ол енді бұл машақаттан құтылды.

Эльвира Қалдыбаева, ауыл тұрғыны: 

- Жылда 12 тонна көмір алатынмын. 250 мың теңгеге. Қазір енді қуанышымызда шек жоқ. Үй жып жылы. Газ міне жанып жатыр. 

Жібек жолы ауылында 12 мыңнан аса халық бар. Бірақ,  соның төрт мыңы ғана тұрғылықты мекенжайында тіркелген.  Бұл келіп тұрған газға халықтың жартысынан көбі қосыла алмайды деген сөз. Сондықтан жергілікті әкімдіктің жанынан арнайы қызмет көрсету орталығы ашылды. Онда тұрғындар өз мекенжайына тіркеліп,  газды үйіне қосуға қажет техникалық құжаттарды рәсімдей алады.  

Жаңа газ құбырың ұзындығы – 234 мың километр.  Қазір көгілдір отын 500 үйге қосылған. Таяу жылдары тағы 7 мың отбасыға жетеді. Әлеуметтік осал топтағы азаматтарға газ құбырын орнатуға бір реттік әлеуметтік көмек берілмек.