Қайырымдылықпен айналысатын ұйымдардың бірыңғай тізілімі жасалады – Жаңа заң
Енді қайырымдылықпен айналысатын ұйымдардың нақты тізімі жасалады. Әділет министрлігінің мәліметінше, бүгінде «қайырымдылық» сөзі бар мыңнан астам қор ресми тіркелген. Бірақ бұл саны бар, сапасы жоқ жүйе. Өйткені жанашырлық дейтін жылы көрпенің астына кіргендердің біразының пиғылы жаман болып шығатынын көріп жүрміз. Ондай мысалдар да жетіп артылады. Арғысын айтпағанда, беріден «Біз біргеміз» қорын құрған Перизат Қайраттың ісі бар. Бақандай 1,5 млрд теңгені жымқырған. Сенат та бұл мәселені қайта көтеріп, оған мүмкіндік беретін заңды мақұлдады. Құжатта Мемлекеттік қайырымдылық цифрлық платформасын іске қосу және қайырымдылық ұйымдарының бірыңғай тізілімін құру да көзделген.

