Астанада тұрақты даму бойынша V Орта Азиялық форум өтіп жатыр

Астанада тұрақты даму бойынша V Орта Азиялық форум өтіп жатыр

Білім берудегі, мемлекеттік басқарудағы, экономика мен ғылымдағы жасанды интеллектінің рөлі Астанада талқылануда. Елордада тұрақты дамудың V Орта Азиялық форумы өтіп жатыр. Бір аптаға созылатын бұл жиын Қазақстандағы БҰҰ-ның өкілдігінде өтіп, ғалымдар мен зерттеушілердің басын қосуда. Олар нейрожүйелерді  қолдана отыра, оларды тиімді пайдалану бойынша өз ойларын ортаға салады. Сарапшылардың пікірінше, жасанды интеллекттің барлық басымдықтарына қарамастан, кейбір қауіпті тұстары да жетерлік. Сондықтан форум қатысушылары сандық технологияларды этикалық және заңнамалық нормаларға сәйкес дамыту керектігін айтуда. Ол бүкіл өңір тұрғындарының қауіпсіздігін және жайлы өмір сүруін қамтамасыз етеді. Айта кетер жайт форумды Ұлыбританиядағы қазақстандық PhD-түлектер қауымдастығы, ЮНЕСКО-ның өңірлік кеңсесі және Ғылым қоры ұйымдастыруда.

Иван Трусов, Ұлыбританиядағы Қазақстандық PhD-түлектер қауымдастығының президенті:

- Қазір технологиялық даму, жасанды интеллектті пайдалануға енгізу тақырыптарында көптеген форумдар мен кездесулер өтіп жатыр. Олар оның қандай артықшылықтары бар, қандай инфрақұрылым қажет деген сұрақтарға жауап іздеуде. Алайда оның салдары қандай болуы мүмкін деген сұраққа ешкім жауап іздеп отырған жоқ. Біздің өмірімізге қалай әсер етеді? Біз не істей аламыз? Ол бізге қалай әсер етеді? Саяси, әлеуметтік және экономикалық ахуалға қалай әсер етеді? Осы сұрақтар жауапсыз қалып келеді, сондықтан, біз жауап іздейміз деп шештік.

Мақсат Байбеков, Алматы қаласындағы ЮНЕСКО өңірлік кеңсесінің әлеуметтік-гуманитарлық ғылым секторының меңгерушісі:

- ЮНЕСКО – Біріккен Ұлттар Ұйымының ғылым, білім мен мәдениет бойынша ұйымы. Қазір, ол «жасанды интеллекттің этикалық аспектілеріне байланысты нұсқаулық» деп аталатыын ғаламдық құжат жариялады. Осы нұсқаулық аясында біз бүкіл үкіметтер, мемлекеттер және ЮНЕСКО мүшелерімен бірлесе тығыз жұмыс істейміз. Осы ретте біз өзіміздің бұрыннан келе жатқан әріптестеріміз – Ұлыбританиядағы қазақстандық PhD-түлектер қауымдастығымен және Ғылым қорымен бірлесе жұмыс істейтіндігімізге қуаныштымыз. Біз Қазақстанда жасанды интеллектті қолдануда өз кеңестерімізбен көмек бергіміз келеді.