Болашақ құтқарушылардың даярлығы тәжірибемен шыңдалады
Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясының материалдық-техникалық базасы нығайып келеді. Биылғы оқу жылында жалпы құны 241 миллион теңге болатын үш жоба жүзеге асып жатыр. Оның аясында жаңа құрал-жабдықтар алынды. Көкшетауда орналасқан бұл білім ошағы - құтқарушылар мен өрт сөндірушілерді дайындайтын республикадағы жалғыз жоғары оқу орны.
Қазіргі уақытта академияда 441 курсант білім алып жатыр. Олар 4 бағыт бойынша оқып жүр. Академияның басты мақсаты - азаматтық қорғау саласына білікті мамандар дайындау. Сондықтан оқу мен тәжірибені ұштастыруға басымдық берілген. Күн сайын Көкшетаудағы өрт сөндіру бөлімдеріне 14 курсант қарауылға түседі.
Төрегелді Төлеш, М.Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясының 3 курс курсанты:
- Тәжірибелік сабақ мақсатында қарауылға түсеміз бір тәулікке. Ол кезде кез-келген сәтте дабыл соғылуы мүмкін. Дабыл соғылғанда, өртке шығып, адамдарды құтқарып немесе эвакуациялау мақсатында жұмыстар жүргізіп, өз тәжірибемізді шыңдаймыз. Шақыртулар болды. Бірақ, адамдарды құтқару мақсатында негізгі өрт сөндірушілер кірді. Ал біз сыртта көмектесу мақсатында сондай жұмыстар жүргіздік.
Курсанттар көктемгі су тасқынымен күресуге, қар құрсауында қалып қойғандарды құтқаруға да жұмылдырылады. Ал төртінші курстағылар жарты жылға жуық іс-тәжірибеден өтеді. Олар алдағы күндері еліміздің түкпір-түкпіріне аттанады.
Мұхамедәли Әділбай, М.Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясының 4 курс курсанты:
- Оқуға Алматы қаласы ТЖ департаменті атынан түстім. Алматы қаласы оңтүстік-шығыста орналасқандықтан ол тағиби және техногенді төтенше жағдайлармен сипатталады. Сондықтан бізге арнайы дайындығымызды көрсету қажет. Және де осы азаматтық қорғау саласында барынша өз орнымды табуға тырысамын.
Курсанттар оқу-жаттығу жиындарына да белсенді қатысады. Оқытушылардың біліктілігі жоғары. 17-сінде ғылыми дәрежесі бар. Материалдық техникалық база да мығым. Оны алдағы уақытта әрі қарай нығайту мақсаты тұр.
Жұмабек Хасенов, М.Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясы бастығының м.а.:
- Биылдан бастап Астана қаласында академияның жаңа көшуіне, жаңа корпусына тас салына бастайды. Құрылыс басталады. Бұл жағдай ойлаймын, еліміз аман, жұртымыз тыныш болса, бір 3-4 жылдың ішінде осы үлкен академиямыз елордамыз Астанаға көшіп, әрі қарай жағдайын жақсартады деп.
Академияда екінші жыл қыздар да білім алуда. Қазір курсанттардың қатарында 8 бұрымды бар. Сондай-ақ, Қырғызстан азаматтары да оқып жүр.

