New York Times Алматыны ең үздік туристік бағыттар тізіміне енгізді

New York Times Алматыны ең үздік туристік бағыттар тізіміне енгізді. Жер-жаһанға танымал америкалық басылым 2024 жылда көруге тұрарлық әлемдегі 52 көрікті орынның дәстүрлі тізімін жариялады. Мегаполис үздіктер қатарының бел ортасынан орын тепті. 2 млн халқы бар Қазақстанның ең ірі шаһары бейбіт, белсенді әрі жайлы қала әсерін қалдырады. Мәдени орталық мәртебесі оның гастрономиялық өмірінде айқын көрінеді делінген редакция жазбасында. Айта кетерлік жайт, Алматы - бұл рейтингке елімізден енген жалғыз қала. Бұған дейін Қазақстанды EXPO-2017 көрмесі қарсаңында дәл осы басылым үздік туристік бағыттардың бірі деп таныған. Бұл елге шетелдік саяхатшылардың қызығушылығы артып келе жатқанын анық білдіреді,- дейді туризм және спорт министрлігі. Бұған ресми статистика дәлел. Оған сәйкес былтыр 9 айда Қазақстанға 800 мыңнан астам шетелдік турист саяхаттаған. Бұл көрсеткіш 2022 жылдың сәйкес кезеңінен 40% жуық өскен. Көрші елдермен қатар мұхит асып келетін туристер ағыны артқан. Үздік бестікке Ресей, Қытай, Түркия, Үндістан және АҚШ жиһанкездері енді.