Қазақстан ТОП-5 тау-шаңғы дестинацияларының қатарына кірді

Қазақстан әлемдегі ТОП-5 тау шаңғы дестинацияларының қатарына енді. Елімізді бұл тізім қатарына Conde Nast Italia басылымы кіргізген. Ал, Қазақстанның Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, танымал журнал беттерінде Шымбұлақ тау-шаңғы курортының туристік әлеуеті кеңінен таныстырылды. Басылым редакциясы барлық қысқы спортты сүйер қауымды осы мекенге саяхаттап, демалуға кеңес берді. Қазақстандық курортпен бір қатарда, Исландиядағы Тролль түбегі, Аляскадағы Денали, Грузиядағы Казбек және Жапониядағы Зао таулары бар. Естеріңізге сала кетсек, жуырда Алматы New York Times нұсқасы бойынша 2024 жылы баруға тұрарлық 52 орын тізіміне кірген,  сондай-ақ, жалпы  Қазақстан Wanderlust журналының үздік топ-24 рейтингіне енген.