ЕХРО-2020: Қазақстан әлем елдерін көміртегі ізін азайтуға шақырды

ЕХРО-2020: Қазақстан әлем елдерін көміртегі ізін азайтуға шақырды

Қоршаған ортаның тазалығын сақтау мәселелері халықаралық ЕХРО көрмесіндегі Қазақстан павильонында өткен кездесуде талқыланды. Бұл – аталған алаңда жоспарланған 30 шараның алғашқысы. Ұйымдастырушылар кездесуді «жасыл» экономикаға көшу тақырыбына арнады. Бүгінде қазақстандық өнеркәсіп орындары заманауи технологияларды енгізуге белсене кіріскен. Жаңа экологиялық кодекске сәйкес, 50 компания бұл бағытта ауқымды жұмыс жүргізіп жатыр. Тиісті экологиялық рұқсатын алған бетте олар қоршаған ортаға бөлетін эмиссия төлемінен толық босатылады. Бұл қаражат қолжетімді технологияны кеңінен қолдануға мүмкіндік бермек. Сонымен қатар Ұлттық декарбонизация одағында атап өткендей, бүгінде Қазақстан көміртегіні бейтараптандыру ісіне жұмылған.

Ермек Омаров, ҚР ЭГТРМ Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының орынбасары:

- Елімізде кешенді экологиялық рұқсаттамаға қол жеткізген кәсіпорыдар мен корпорациялар бар. Ол қолданыстағы технологиясын жетілдіру бойынша стратегия түзген. Мәселен, қазақстандық алюминий зауытындағы өндіріс 90% экологиялық талаптарға сәйкес келеді. Алдағы 10 жылда Еуропаның деңгейіндегі кәсіпорынға айналатыны сөзсіз.

Жанар Игенова, Халықаралық «жасыл» технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы төрағасының м. а.:

- Біздің орталық көптеген елдің «жасыл» экономика саласында басын біріктіретін көпір іспеттес. Қазақстанға және Орталық Азияға инвестиция тартумен айналысады. Осылайша орталығымыз елдің «жасыл» экономикаға өту үрдісін жеделдетуге атсалысады.