Елдегі әуежайлар күрделі жөндеуден өтеді

Елдегі әуежайлар күрделі жөндеуден өтеді

Елімізде бірнеше әуежай күрделі жөндеуден өтеді. Сондықтан Ақтау, Астана, Ақтөбе әуежайларында түнгі ұшып-қонулар уақытша шектелейін деп тұр. Көнерген жолақтар қайта қалпына келген соң әуе рейстерінің кешігуі азаяды дейді мамандар. Бірақ, бұл отандық авиациядағы мәселелерді толық шешпейді. Өйткені, соңғы уақытта әуе кемелерінің зақымдануы жиілеген. Мәселен бір айда жалғыз Скат компаниясына тиесілі 2 ұшақтан ақау шықты. Соның кесірінен 20 рейстің кестесі өзгеріпті.

Талғат Ластаев, ҚР Көлік вице-министрі:

– Биыл біз 12 жаңа бортты әуе компанияларына жеткіземіз деп жоспарлаған едік. Қазір оның тек 8-і келді, ал жыл соңына дейін төрт ұшақ жеткізіледі. Қазақстандағы әуе компанияларында 101 ұшақ бар, оның ішінде 10-ы түрлі себеппен тұрып қалды. Бесеуі бұршақ жауғанда зақымдалды. Сол кезде рейстердің кешігуі көбейген еді.  

Айтпақшы, жауапты ведомоство өкілдері қоғамда қызу талқыға түскен қол жүктеріне қатысты түсінік берді. Бұған дейін музыкалық аспаппен әуе кемесіне міне алмай қалған жолаушылар тасымалдаушы компанияларға шағымданған болатын. Енді домбыра, гитара секілді көлемді аспаптар үшін қосымша орын сатып алуға тура келеді. Егер ол жүк ұшақтағы жәшіктерге сыйып кетсе, онда төлем жасаудың қажеті жоқ. Бұл – барлық авиакомпанияға қатысты стандарт дейді мамандар.