Елімізде 43 адам лаңкестік пен діни экстремизм бабы бойынша сотталды
Биыл елімізде 43 адам лаңкестік пен діни
экстремизм бабы бойынша сотталды. Тағы 34 азамат тергеліп жатыр. Бұл туралы
Президент қабылдауында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы айтты. Ермек
Сағымбаев құрылым жыл басынан бері атқарған жұмыс жөнінде есеп берді. Атап
айтқанда, 13 қылмыстық топтың қызметі тоқтап, 142 күдікті ұсталған. Есірткі
өндіретін 12 зертхана, сондай-ақ, 13 халықаралық және 12 өңірлік тасымал арнасы
жойылды. Жемқорлық пен құқыққа қайшы басқа да әрекет жасаған 15 лауазымды тұлға
анықталды. Мемлекетке келтірілетін залалдың 220 миллиард теңгесі қазынаға
қайтарылды. Шекараны бұзған 16 мыңнан астам адам ұсталып, 3025 тұлға елден
шығарылды. Қару-жарақ пен оқ-дәрі, есірткі және басқа да тыйым салынған
заттарды алып өтпек болған 600-ден аса факт тіркелді. Мемлекеттік органдардың
ақпараттық жүйесіне жасалған 796 миллион кибершабуыл әшкереленген. Президент
ұлттық қауіпсіздік органдары қызметінің бағыттары бойынша бірқатар тапсырма берді.

