Мемлекет басшысы Иорданияға ресми сапармен барады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Король II Абдалла бен әл-Хусейннің шақыруымен Иордан Хашимит Корольдігіне ресми сапармен барады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Сапар 18-19 ақпан күндеріне жоспарланған. Бұл күндері жоғары деңгейдегі келіссөздер өтеді. Олар сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған. Айта кетейік, Иордания королі Қазақстанға бірнеше мәрте келген. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Абдалла ІІ Нью-Йоркте БҰҰ Бас ассамблеясының сессияларында екі рет кездесу өткізді. Саясаткерлер 2015 жылы Амманда да кездескен. Ол кезде Қасым-Жомарт Тоқаев Сенат төрағасы болған.

