Ең ұзын көпір салтанатты түрде ашылды

Ең ұзын көпір салтанатты түрде ашылды

Шығыстағы ағайын Бұқтырма су қоймасы үстінен салынған көпірдің ашылуын тарихи сәтке балап отыр. Себебі су айдыны арқылы қатынас 60 жылға жуық тек паром арқылы жүргізілген. Маңызды нысан бірден аймақтағы 6 ауданды жалғайды. Мамандар осылайша өңірдің әлеуметтік-экономикалық ілгерілеуіне жаңа серпін береді деп отыр. Бірегей көпір арқылы тәулігіне 80 мың автомобиль қатынайды. 

4 жыл бұрын құрылысы басталған бұл нысанды аймақ жұрты асыға күтті. Қазір қуаныштарында шек жоқ. 

Кәрібек Шопатов, Өскемен қаласынын тұрғыны: 

– Енді мына шекаралық аудандардың, облыс орталығы мен Семей қаласымен арасындағы қарым-қатынас түзеледі деп ойлаймын.

Ляззат Құмарқызы, Күршім ауданының тұрғыны: 

– Қанша тауарымызды пароммен өткізіп, бағасы қымбат боп, жолымыз қымбат боп, паромның ар жағында екі-үш сағаттан қалып қоятынбыз, одан қалса паромға сыймай кешігіп қап, паром жүрмей қалған кезде Ертістің ары жақ жағасында қалдық көбінде. Енді міне Құдайға шүкір жолымыз ашық.

Ұзындығы 1 шақырымнан асатын көпір 6 аудан арасындағы алыс-берістің көлемін арттырады.

Атап айтсақ, Самар, Күршім, Үлкен Нарын, Марқакөл, Қатон Қарағай, Тарбағатай және Зайсан аудандарын байланыстырды. Мамандар әсіресе кәсіпкерлік пен туризмнің дамуына септігін тигізеді деп отыр.