Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау шаралары жалғаса береді

Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау шаралары жалғаса береді

31 мамыр елімізде қуғын сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Зерттеушілердің дерегіне сүйенсек, 1927-53 жылдары Қазақстан бойынша 125 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшыраған.

Олардың 25 мыңы атылды. Осы қуғын-сүргін жылдарында бүкіл елде 953 лагерь болған. Қазақстанда ГУЛаг-тың 20-дан астам лагері орналасқан. Жазықсыз жазаланғандардың қатарында алаш қайраткерлері, басқа да ұлт зиялылары бар. Отанын сатқандар әйелдерінің Ақмола лагері («АЛЖИР») сол жылдардағы қатыгездік пен жауыздықтың қара таңбасындай болды. Мұнда саяси тұтқындардың жақын туыстары, әйелдері мен балалары қамалды. Қазақстанда "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" заң ел тәуелсіздігін жариялағаннан кейін, 1993 жылы сәуірдің 14-інде қабылданды. Осы жылдар аралығында 146 мың күнәсіз жазғырылған отандасымыздың аттары жазылған «Аза кітабы» жарыққа шықты. Заңсыз қуғын-сүргінге ұшыраған 340 мыңнан астам азамат  ақталды.