Енді елімізде дәрі-дәрмекті таңбалау міндеттелді
Енді контрабандалық дәрі-дәрмектердің жолы кесіледі. Жақында елімізде препараттарды таңбалау міндеттелді. Бұл дегеніміз – тұтынушыларға өнімнің сапасы мен өндірушісі туралы толық ақпарат қолжетімді болады деген сөз. Ал оны егжей-тегжей арнайы мобильдік қосымша арқылы тексере аласыз.
Біз дүкеннен азық-түлік сатып алғанда тауардың сапасына, шыққан күніне мән береміз. Ал дәрі алғанда оның қашан және қаншалықты заңды жолмен жасалғанына көңіл бөле бермейтініміз рас. Енді оны «Нақты өнім» мобильдік қосымшасы арқылы тексере аласыз. Бар болғаны дәрілік заттағы белгіні сканерлейміз. Әрі қарай сізге препараттың қай күні, қай елде шыққаны, құрамы, тіпті соңғы рет қай дәріханада сатылымда тұрғанына дейін көрсетіледі.
Аягөз Шойынбаева, Астана қаласының тұрғыны:
– Бұл жөнінде мен бірінші рет біліп тұрмын сіздерден. Негізі жақсы болды. Әсіресе ата-аналар үшін. Неге? Себебі біз витаминдер аламыз, дәрілер аламыз.
Бұл ретте ескеретіні – дәрілерді міндетті түрде таңбалау осы жылдың шілдесінен басталды. Сондықтан осы мерзімге дейін шығарылған препараттарда ақпарат не код болмауы мүмкін.

